СҚО ауыл шаруашылығы басқармасында субсидия алуға берілген 1432 өтінім қараусыз қалған

Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпорындары мемлекеттік қолдау алуға берген өтінімдерінің қаралуын айлап күтуге мәжбүр. Ал қолданыстағы қағида бойынша бұл рәсімге небәрі 19 жұмыс күні беріледі. СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы мәселенің бар екенін мойындап, кешігуге мамандардың тапшылығы мен құжаттар ағынының көптігі себеп екенін түсіндіреді. Жағдай Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында талқыланды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Кәсіпкерлік үшін уақыт та — ақша. Әсіресе өндіріске инвестиция салынып қойғанымен, мемлекет қарастырған шығындарды өтеу көмегі құжаттардың ұзын-сонар кезегінде қалып қойса. Мұндай жағдай өңірдегі танымал азық-түлік өндірушілерінің бірі — «Богатырский продукт» ЖШС-нің басынан өтті.
Компания пряник өндіретін жаңа желіні іске қосуға 69 млн теңге инвестиция салған. Жабдықтың өндірістік қуаты жылына екі мың тоннадан астам өнім шығаруға мүмкіндік береді. Шамамен 17 млн теңге инвестициялық субсидия алуды көздеген кәсіпорын шығындарды өтеуге арналған өтінімді 2026 жылғы 22 шілдеде жолдаған. Алайда өтінімді белгіленген 19 жұмыс күні ішінде қараудың орнына, рәсім бірнеше айға созылып кеткен.
СҚО Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Айдос Кеңпейіловтің түсіндіруінше, рәсім тек құжаттарды тексерумен шектелмейді. Басқарма мамандары кәсіпорынға барып, жабдықты қарап, тиісті акт рәсімдеуі керек. «Богатырский продукт» жағдайында бұл кезеңге ұзақ уақыт бойы жету мүмкін болмаған.
Кәсіпорын үшін рәсімнің созылуы тек ақшаны күтумен ғана байланысты емес. Мемлекеттік қолдауды биыл алу мүмкіндігіне қауіп төндіретін нақты мерзім бар.
«Инвестициялық субсидияларға өтінім қабылдау 15 желтоқсанда аяқталады. Егер осы уақытқа дейін өтінішіміз қаралмаса, биыл құжаттарды қайта тапсыру мүмкіндігінен айырылуымыз мүмкін. Яғни кәсіпорын өз қаражатын салып, өзіне тиесілі жұмысты орындады. Енді өтінімге қашан кезек келетініне тәуелді болып отыр», — деді «Богатырский продукт» ЖШС-нің бас бухгалтері Андрей Варавин.
Ол тағы бір мәселеге назар аударды: өтінімнің мақұлдануы да ақшаның жақын арада шотқа түсетінін білдірмейді. Компания өкілінің айтуынша, мемлекеттік қолдаудың басқа бағыты бойынша мамыр айында мақұлданған өтінімнің қаражаты кәсіпорынға әлі күнге дейін түспеген.
Отырыс барысында бір өндірушінің оқиғасы жалпы жағдайдың бір бөлігі ғана екені белгілі болды. Қазір СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасында 1432 өтінім жатыр. Ведомство өкілдері қаралып жатқан барлық өтініш бойынша белгіленген мерзімдердің бұзылғанын растады.
Басқарма бөлімінің басшысы Нұрсат Ғалымжан қалыптасқан жағдайды мамандарға түсетін жүктеменің жоғары болуы және қызметкерлер санының шектеулілігімен түсіндірді. Қызметкерлер мемлекеттік қолдаудың әртүрлі бағыттары бойынша құжаттармен бір мезгілде жұмыс істеуге мәжбүр. Оның үстіне өтінімдер топтамасының көлемі мен күрделілігі де әртүрлі.
«Кәсіпкерлердің шешімді уақытылы күтіп отырғанын және айлап тосуға мәжбүр болмауы керектігін түсінеміз. Алайда қазіргі уақытта қызметкерлерге түсетін жүктеме штаттағы мамандардың мүмкіндігінен әлдеқайда жоғары. Әр өтінім жеке тексеруді қажет етеді. Мұнда құжаттарға формалды түрде қарауға жол берілмейді», — деп түсіндірді Нұрсат Ғалымжан.
Оның айтуынша, «Богатырский продукт» өтінімімен мамандар тек 22 қыркүйекте жұмыс істей бастаған. Көшпелі тексеру жүргізуге рұқсат 9 қазанда рәсімделген. Ал комиссияны өндіріс орнына қараша айының алғашқы онкүндігінде жіберу жоспарланған.
Басқарманың әкімшілік-құқықтық бөлімінің басшысы Гүлмира Тұтқабаева да ведомствоның белгіленген мерзімдерді сақтай алмай отырғанын растады. Оның түсіндіруінше, басқарманың 11 бөлімінің тоғызы салалық бағытта жұмыс істейді. Алайда субсидиялау өтінімдерін қарауға барлық қызметкер жұмылдырылмаған. Іс жүзінде әрбір бейінді бөлімнен бір маман ғана осы жұмыспен айналысады.
Кеңес мүшелері үшін мұндай түсініктемелер ұзақ күтудің жеткілікті негізі болмады. Өйткені мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері қағидаларда жай ғана көрсетілу үшін белгіленбеген. Кәсіпкер ведомствода оның құжаттарымен қанша адамның айналысатынын немесе ішкі жүктеменің қалай бөлінгенін анықтауға міндетті емес.
Кеңес мүшесі, СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Виктория Алпеева мәселені тек штат санын көбейту арқылы шешумен шектелмеуді ұсынды. Оның пікірінше, күнделікті қайталанатын жұмыстың бір бөлігін цифрлық құралдарға беруге болады.
«Құжаттарды бастапқы тексеру үшін жасанды интеллектіні неге пайдаланбасқа? Ол құжаттар топтамасы толық емес өтінімдерді іріктеп, мамандарға алдын ала дайындалған өтініштерді жолдай алар еді. Бұл сараптамалық бағалауды жоққа шығармайды, бірақ қағаздарды қарапайым сұрыптауға кететін адам уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал ресурстардың тапшылығы мәселесін орталық мемлекеттік органның алдына қою қажет», — деп ұсынды Виктория Алпеева.
Кеңес төрайымы Инесса Қуанова басқарма өкілдерінің назарын мәселені жай ғана мойындап қоймай, оны басшылық пен жоғары тұрған ведомство деңгейінде шешу қажеттігіне аударды.
«Бұл туралы ашық айту, басшылыққа жүгіну және қалыптасқан жағдайдың нақты ауқымын көрсету қажет. Егер бір мезгілде мыңнан астам өтінім қаралып, олардың әрқайсысы бойынша мерзімдер бұзылса, мәселені жекелеген қызметкерлердің қиындықтары деп қарастыруға болмайды. Қазіргі жұмыс тәртібімен жыл соңына дейін жиналып қалған барлық өтінімді қарауға үлгермеу қаупі бар», — деп атап өтті Инесса Қуанова.
Отырыс қорытындысы бойынша кеңес ауыл шаруашылығы басқармасына шұғыл түрде көшпелі комиссия құрып, «Богатырский продукт» ЖШС-не барып, белгіленген регламентке сәйкес жабдықты тексеру актісін рәсімдеуді ұсынды. Қазір кәсіпорын үшін өтінімнің әрі қарай қаралуына ықпал ететін ең нақты қадам — осы.
Алайда бір пряник өндіру желісінің тарихы ауқымды мәселені алға тартады: мемлекеттік қолдаудың бизнеске дәл қажет кезінде жетуін қалай қамтамасыз етуге болады? Өйткені ол кәсіпкерлердің шыдамын сынайтын тағы бір кедергіге айналмауы тиіс.
