Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » Аты аңызға айналған фототілші Александр Коротковтың жеке мұрағатында СҚО тарихынан сыр шертетін 40 мыңнан астам фотосурет бар

Аты аңызға айналған фототілші Александр Коротковтың жеке мұрағатында СҚО тарихынан сыр шертетін 40 мыңнан астам фотосурет бар

November 6, 2026 19:29

КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Александр Коротков Солтүстік Қазақстан облысын 50 жылдан астам уақыт бойы суретке түсіріп келеді. Ол бұқаралық ақпарат құралдарындағы бүкіл еңбек жолын қарапайым еңбек адамының және туған өлкенің сұлулығын дәріптеуге арнаған. Фототілшінің мұрағатында 40 мыңнан астам фотосурет бар. Олардың әрқайсысы Петропавл мен тұтас өңірдің қалай өзгергенін, жерлестерінің қалай өмір сүріп, еңбек етіп, армандағанын айғақтайды. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.

Әр қаланың өзіндік тарихы бар. Ол мұрағаттарда, ескі газеттерде, оқиға куәгерлерінің естеліктері мен отбасылық альбомдарда сақталады. Сонымен қатар тарихтың ерекше шежіресі бар. Ол – фотошежіре. Онда өмірден өткен адамдардың бейнесі, танымастай өзгерген көшелер мен уақыт өте келе өткен күндердің естелігіне айналған оқиғалар сақталады. Солтүстік Қазақстан облысының осындай фотошежіресінің қомақты бөлігін фототілші Александр Коротков жасаған.

Ол таңдаған кәсібіне де, туған өлкесіне де адал. Фотосурет түсіру ол үшін әлдеқашан жай ғана мамандық болудан қалған. Бұл – өмірді танудың, күнделікті тіршіліктегі маңызды сәттерді байқаудың және әйтпесе ұмытылып кетуі мүмкін құндылықтарды сақтаудың тәсілі. Александр Львович атақ-даңқ іздеп, өзге жаққа кетуді немесе туған жерін танымал алаңдарға айырбастауды ешқашан мақсат етпеген. Оның шығармашылығының басты кеңістігі – Петропавл, Солтүстік Есіл өңірінің ауылдары және осы өлкенің тарихымен біте қайнасқан адамдар.

Александр Коротков көп жыл бойы «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінде фототілші, фотосурет редакторы болып жұмыс істеді. Басылым бұрын «Ленинское знамя» деген атаумен белгілі болған.

Редакциядағы жұмыс оған оқиғалардың ортасында болуға, түрлі мамандық иелерімен кездесуге, аудандарды аралауға және өңірді ресми мәліметтер арқылы ғана емес, тұрғындардың күнделікті өмірі арқылы тануға мүмкіндік берді. Газет тапсырмаларының артында шынайы адам тағдырлары тұрды. Ал әрбір фотосуреттің астарында дәл сәтті табу, көңіл күйді дұрыс жеткізу және оқырман назарын аударуға тұрарлық көріністі байқау міндеті жатты.

Көп жыл ішінде Александр Львович Солтүстік Қазақстан облысын түгел аралап, көршілес Ресейдің шекаралас аумақтарында да болған. Оның назарында тек маңызды оқиғалар ғана емес, адамдардың өздері де болды. Олардың мінезі, кәсібі, күнделікті тіршілігі мен жетістіктері фотосуреттерінен көрініс тапты.

«Суреттерімнің кейіпкерлері қарапайым жұмысшылар, мұғалімдер, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ғарышкерлер, әлемге танымал өнер жұлдыздары және тағы басқалар болды», – дейді А. Коротков.

Психологиялық портрет – бейнелеу өнерінің бір бағыты, фотосуреттегі портрет жанрының ерекше түрі. Мұндай портрет жасау фотосуретшіден жоғары кәсібилікті, мол тәжірибе мен талантты талап етеді. Оның мақсаты – адамның ішкі жан дүниесі мен сезімдерінің тереңдігін көрсету, тұлғалық болмысын ашу, бір сәттің ішінде адам сезімі мен әрекетінің сан қырлы көрінісін бейнелеу. Бұл – түсірудің ең күрделі түрлерінің бірі. Оны нағыз кәсіби шеберлер ғана меңгере алады.

«Әдемі адамды жайлы студияда, жақсы жарықпен суретке түсіру қиын емес. Мұнда ерекше шеберліктің қажеті жоқ. Ал адамды өзінің табиғи ортасында – зауыт цехында, фермада немесе құрылыс алаңында, оның үстіне жарық пен ауа райы қолайсыз кезде, ешқандай дайындықсыз, тосыннан суретке түсіру әлдеқайда күрделі. Оны өмірдегідей етіп көрсету керек. Мінезі сезіліп, ішкі жан дүниесінің пердесі сәл ашылғаны жөн. Бұл – мүлде басқа деңгейдегі шеберлік!» – дейді Александр Львович.

Оның кәсіби қызметіндегі тағы бір маңызды қыры – туған өлкесіне деген ықыласы. Бұл сезім жылдар өткен сайын бәсеңдеген емес. Александр Коротков өңірді дамудың әр кезеңінде суретке түсіріп, қала мен ауылдағы өзгерістерді, қоғамдық және мәдени өмірдегі оқиғаларды таспаға басып отырды. Бүгінде оның еңбектері сол кезеңдерде не болғанын ғана емес, айналамыздағы үйреншікті әлемнің қаншалықты өзгергенін де көруге мүмкіндік береді.

Таспаға түскен тарих

Александр Львовичтің фотомұрағатында 40 мыңнан астам сурет бар. Бұл санның артында ондаған жылдық еңбек, мыңдаған кездесу, іссапар мен редакциялық тапсырма тұр. Әрбір кадр – өңір өмірінің үлкен картинасындағы бір бөлшек. Олардың барлығы біріге келе Солтүстік Қазақстан облысының тарихын, дамуын және бүгінгі күнді өз еңбегімен қалыптастырған адамдарды бейнелейтін өзіндік фотошежіреге айналған.

Уақыт өте келе кейбір оқиғалардың тарихи маңызы арта түседі. Түсірілім кезінде қала өміріндегі қарапайым көрініс болып көрінген сәттер жылдар өткен соң тарихи дерекке айналады. Мәселен, бүгінде Петропавл көшелерінде бір кездері пілдер жүргенін елестету қиын. Осындай ерекше сәт те шебердің объективі арқылы сақталып қалған. Мұндай фотосуреттер сирек кездесетіндігімен ғана емес, тарихтың қаншалықты тосын болатынын және туған қаламыздың өткенінде қаншама қызықты жайт бар екенін еске салуымен де құнды.

Шығармашылық мұрасында қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған суреттердің орны ерекше. Фототілші Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті ретінде Петропавлға жасаған алғашқы сапарын, сондай-ақ мемлекет басшысының әр жылдардағы өзге де жұмыс сапарларын таспаға түсірген. Бұл кадрлар тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі өңір тарихының деректі шежіресіне айналды.

Дегенмен оның мұрағатының құндылығы ресми хроникамен шектелмейді. Александр Коротков туған өлкесінің тыныс-тіршілігіне әрдайым қызығушылық танытты. Солтүстік Есіл өңірінің табиғаты, мәдени шаралар, қоғамдық оқиғалар, қала мен ауылдағы еңбек күндері – барлығы оның назарынан тыс қалған емес. Ол үйреншікті ортадан да әсерлі көріністерді тауып, адам еңбегінің сұлулығын және көп жағдайда қоғам назарынан тыс қалатын жандардың қадір-қасиетін көрсете білді.

Сондықтан оның фотосуреттері жекелеген оқиғалардың куәлігі ғана емес. Олар солтүстікқазақстандықтардың бірнеше буынының күнделікті өмірін бейнелейді. Заман өзгерді, көшелердің атауы, қоғамдық өмір салты мен тұрмыс жағдайы жаңарды. Алайда фотографтың адамға және туған жерге деген қызығушылығы өзгеріссіз қалды.

Алғашқы фотоаппараттан үлкен мұрағатқа дейін

Александр Коротковтың фотоға деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол небәрі 11 жасында әжесінен алғашқы фотоаппаратын сыйға алған. Сол сыйлық болашақта оны кәсіби фотожурналистикаға алып келген ұзақ жолдың бастауы болды.

«Фотоаппарат өте қарапайым еді, кең пленкамен жұмыс істейтін. Ол кезде пленка тапшы болатын, сондықтан амалын тауып, тар пленканы пайдалануға тура келді. Фотографияның теориясын жақсы білу, фотохимияны меңгеру қажет еді. Пленка мен қағазды өңдеуге арналған түрлі ерітінділер болатын. Мұның бәрі арнайы білімді талап етті», – деп еске алады Александр Львович.

Бүгінде фотография технологиялары түбегейлі өзгергенімен, кәсіптің негізгі қағидалары сол күйінде қалды. Сапалы сурет түсіру үшін техникалық дағды ғана емес, байқағыштық, композицияны сезіну, сәтті таңдай білу және көрерменге нені көрсету керектігін түсіну қажет. Әріптестері мен достары Коротковтың еңбектерінен көркемдік талғамды, композицияның үйлесімділігін және өзіндік шығармашылық қолтаңбасын ерекше атап өтеді. Оның кәсіби тәжірибесі фотосуреттің сапасы тек түсіру кезіндегі шеберлікке ғана емес, оны жасаудың бүкіл үдерісін білуге байланысты болған кезеңде қалыптасты.

Ондаған жылдық еңбек жолында Александр Коротковтың суреттері «Казахстанская правда», «Егемен Қазақстан», «Советы Казахстана», «Аграрный Казахстан» республикалық газеттерінде, «Огонёк», «Провинция», «Компас» журналдарында, сондай-ақ Ресей басылымдары мен өңірлік баспасөзде жарияланды. Оның фотосуреттері облыс шекарасынан асып, оқырмандарға Солтүстік Қазақстанның тыныс-тіршілігін танытты.

Александр Коротков кітаптар, энциклопедиялар, фотоальбомдар мен басқа да басылымдарды әзірлеуге қатысты. Олардың қатарында «Поклонимся Великим тем годам», «Орлята Президента», «Петропавловск. Время, события, люди», «Солтүстік Қазақстан облысы» энциклопедиясы, «Солтүстікқазақстандықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында», «Тыңның алтын кітабы» және басқа да еңбектер бар.

Сондай-ақ ол «Жерлестерімнің жүздері», «Көлдер мен қайыңдар өлкесі», «Мен өмірді суретке түсіремін», «Жеңімпаздар» және тағы басқа фотокітаптардың авторы. Оның суреттері өңір тұрғындары, маңызды оқиғалар мен жетістіктер туралы баяндауға мүмкіндік беріп, мәтіндерді сол дәуірдің деректі айғақтарымен толықтырды.

Осы жылдар ішінде фототілшінің 20-ға жуық жеке көрмесі ұйымдастырылды. Әрбір көрме жинақталған мұраға қайта үңіліп, таныс жерлерді басқа кезеңнің көзімен көруге және тағдыры туған өлкенің тарихымен біте қайнасқан адамдарды жаңаша тануға мүмкіндік берді.

Туған жерге, адамға және кәсіпке адалдық

Александр Коротковтың шығармашылық өмірбаянында бір ерекшелік бар: ол өзі үшін бөтен өмірді емес, өзі де бір бөлшегі болып табылатын ортаны суретке түсірді. Петропавл мен Солтүстік Қазақстан облысы ол үшін жай ғана жұмыс орны емес. Бұл – естеліктері, кәсіби кездесулері мен көпжылдық бақылаулары тоғысқан туған өлке. Оның фотосуреттерінде жергілікті тұрғындар мен көзге бірден түсе бермейтін күнделікті көріністерге ерекше мән берілуі де сондықтан болар.

Фотожурналистикада туған жерге деген сүйіспеншілік құр сөзбен емес, іспен көрінеді. Жұмысшының еңбегінен мән табу, ауыл өміріндегі әсерлі сәтті байқау, кезекті өзгеріске дейін көшенің келбетін сақтап қалу, ертең-ақ тарихқа айналатын оқиғаны таспаға түсіру – мұның барлығы қоршаған ортаға деген шынайы қызығушылықты талап етеді. Александр Львович жарты ғасырдан астам уақыт ішінде осы қызығушылығын жоғалтқан емес.

Оның мұрағаты – ұрпақтар арасындағы өзіндік сұхбат. Аға буын өкілдері суреттерден таныс жерлер мен адамдарды көріп, жастық шақтарын еске алады. Ал жастар бұрынғы Петропавлдың қандай болғанын, көшелер мен кәсіпорындардың келбетін, әр жылдары адамдардың қалай өмір сүргенін тани алады. Осылайша екі буын да өткен мен бүгінді құрғақ деректер мен даталар арқылы емес, нақты бейнелер арқылы салыстыруға мүмкіндік алады.

Деректі фотограф еңбегінің басты құндылығы да осында. Фотосурет бір сәтті сақтап қалады, ал уақыт өткен сайын оның мағынасы тереңдей түседі. Ол өткенмен байланысты үзбеуге, қаланың жүріп өткен жолын түсінуге және тарихи өзгерістердің артында қарапайым адамдардың тағдыры тұрғанын көруге көмектеседі.

Александр Коротков бүгінгі күні сапалы фотоаппараттар көбейгенімен, шынайы көркем фотосуреттің азайып бара жатқанына қынжылады. Оның пікірінше, көпшілік қымбат техника сатып алудың өзі адамды фотосуретші етпейтінін түсіне бермейді.

«Қазір бәрі фотограф болып кетті. Біз үлкен бір фото-Қытайға айналып барамыз. Жақсы фотоаппарат сатып алсаң, бірден фотосуретші боласың деп ойлайды. Ал фотография – шығармашылықтың таңғажайып тәсілі. Оған ұқсас басқа өнер жоқ. Әр адам өзін шығармашылық тұлға ретінде сезініп, өнерге жақындағысы келеді. Бұрын суретшілерге ерекше құрметпен, таңданыспен қарайтын. Олардың мұндай туындыны қалай жасайтынына қызығатын. Ал цифрлық фотография өзін суретші деп жариялауды тым жеңілдетті. Түймені бассаң болды – дайын! «Мен осылай көремін, демек, суретшімін!» деп шыға келеді. Адам өзін бірден шығармашылық тұлға деп жариялайды. Ал жаппай сурет түсіру көркем фотографияның деңгейін құлдыратып барады. Айналаның бәрі қарабайыр суреттер, селфи, жасанды қылық пен пафосқа толы. Адамдар бірте-бірте табиғи қалпында, шынайы болудан алыстап барады. Қазір фотограф көп, бірақ сапалы әрі сауатты түсірілген суреттер тым аз!» – дейді кейіпкеріміз.

Александр Коротков әлі күнге дейін кәсіби өмірбаяны Солтүстік Қазақстан облысымен тығыз байланысты фототілші болып қала береді. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы ол туған өлкесіне объектив арқылы қарап, оның сұлулығын, өзгерістерін және қайталанбас ерекшеліктерін таспаға түсіріп келеді. Оның мұрағатында ондаған мың фотокадр сақталғанша, Петропавл мен тұтас Солтүстік Есіл өңірінің тарихында сенімді шежіреші бар. Ол – ғұмырын сүйікті кәсібіне арнап, өзі өскен туған жеріне адал болып қалған фотограф.

Shares