Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО тұрғыны дипломының өзіне тиесілі екенін сот арқылы дәлелдеді

СҚО тұрғыны дипломының өзіне тиесілі екенін сот арқылы дәлелдеді

November 7, 2026 12:34

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл аудандық соты азаматша К.-ның Петропавл қаласындағы №23 техникалық училищені бітіргені туралы дипломның өзіне тиесілі екенін анықтау жөніндегі арызын қарады. Сотқа жүгінуіне арыз берушінің жеке деректері мен құжатта көрсетілген мәліметтер арасындағы сәйкессіздік себеп болған. Соның салдарынан уәкілетті орган зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде оқу кезеңін еңбек өтіліне қосудан бас тартқан, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Сот отырысы барысында мұрағат құжаттарына сәйкес, арыз берушінің тұрмысқа шыққанға дейін басқа тегі болғаны және 1982 жылдың 1 қыркүйегінде училищеге оқуға түскені анықталды.

«1983 жылғы 20 шілдеде ол оқу курсын толық аяқтап, біліктілік емтихандарын тапсырғанына байланысты оқудан шығарылған. Оған «Азық-түлік тауарларын сатушы» біліктілігі беріліп, диплом табысталған. Алайда мұрағат құжаттары мен дипломда арыз берушінің тегі, аты және әкесінің аты әртүрлі жазылған. Оның аталған оқу орнында білім алғанын сот отырысында жауап берген куәгерлер де растады. Олар арыз берушімен бірге оқыған. Куәгерлердің аты-жөндері 1983 жылғы 20 шілдедегі оқудан шығару туралы бұйрықта да көрсетілген», – делінген сот хабарламасында.

Сот ұсынылған жазбаша дәлелдер мен куәгерлердің айғақтарын жан-жақты зерделей келе, даулы дипломның арыз берушіге тиесілі деген қорытындыға келді. Ал жеке деректердегі сәйкессіздіктер оның аталған оқу орнында білім алғанын және тиісті біліктілікке ие болғанын жоққа шығармайды.

Сондай-ақ сот бұл заңды фактіні анықтау оқу кезеңін растау, оны еңбек өтіліне қосу және кейін зейнетақы төлемдерін қайта есептеу үшін қажет екенін ескерді. Ал құжатты сотқа жүгінбей-ақ алу немесе қалпына келтіру мүмкін болмаған.

Осылайша, аудандық сот азаматшаның арызын толық қанағаттандырды.

«Істі қарау қорытындысы бойынша арыз қанағаттандырылды. Сот Петропавл қаласындағы №23 техникалық училищені бітіргені туралы 1983 жылғы 20 шілдеде берілген дипломның арыз берушіге тиесілі екенін анықтады. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.

Shares