Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » Петропавлдық бас-аспаз Егор Овсянниковтың шоуға қатысуы, танымалдық және болашақ жоспарлары туралы

Петропавлдық бас-аспаз Егор Овсянниковтың шоуға қатысуы, танымалдық және болашақ жоспарлары туралы

November 26, 2025 16:40

Петропавлдық Бас-аспаз Егор Овсянников Ресейдің танымал аспаздық шоуы Бас аспаздар сайысы жобасына қатысқаннан кейін жұлдызға айналды. Оның байқауға дайындаған тағамы Бас аспаздар Константин Ивлев пен Ренат Агзамовтан жоғары баға алды. Бірақ бұл – Егордың жолындағы алғашқы жетістік қана. Ол «Алтын билет» иегері атанып, Константин Ивлевтің шеберлік сабағына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Өз арманына қалай қол жеткізгені, жұмысы және алдағы жоспарлары туралы ол QZ NEWS-ке берген сұхбатында баяндады.

Егордың қоғамдық тамақтану саласына келуі үйдегі асүйден басталған. Оған алғаш тамақ дайындауды үйреткен – анасы.

«Біздің отбасымызда жалпы көптеген адам қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істеген. Барлық бала сияқты мен де жұмыртқа мен шұжықтан бастадым. Ең алғашқы салатым – Жаңа жылға жасаған оливье. Шынымды айтсам, аспаз боламын деп мүлде ойламадым. 16 жасымда алғаш рет мейрамхана асханасына жұмысқа шақырды, мен келістім – тек ақша керек болды. Бұл салаға келемін деген ой да болмаған», – дейді Егор.

Кәсіби асханада алғашқы тәжірибеден кейін Егор аспаздықты тереңірек меңгере бастайды. Теорияны тәжірибемен бекітіп, тәжрибелі әріптестерінен үйренеді.

«Көп жерде жұмыс істедім. Аспаз үшін жиі жұмыс ауыстыру – аса жақсы емес, бірақ біздің қала кішкентай болғандықтан, амалсыз болады. Бұл да – тәжірибе. Бір Бас аспазға келесің – бір дүние үйренесің, екіншісіне барасың – басқа. Бірі жақсы көреді, бірі ұнатпайды, бірі көп нәрсе үйретті, бірі ештеңе берген жоқ. Бірақ бәріне ризамын. Эксперимент жасауға, жаңа дүние ойлап табуға мүмкіндік берген орындар да болды. 18-20 жасқа қарай кәсіби деңгейде жұмыс істей бастадым», – дейді ол.

Аспаздықты оқып, жұмыс істей жүріп, Егор біраз уақыт бұл саладан алыстап кеткен кезі де болған.

«2024 жылы мүлде жұмыс істемедім. Бірақ қайта оралдым. Үзіліс пен оралу арасында бір серпіліс болды. Мен көп жерге барып жүрдім. Өйткені бес жыл бойы бір жерге қатысқым келді, армандадым. Ақыры қолым жетті. Еңбек, сабыр түбі – сары алтын», – дейді ол.

Егордың басты армандарының бірі – Ресейдегі танымал аспаздық шоу «Битва шефов» жобасына қатысу еді. Ал кастингке өтуді ол төрт жыл бойы тырысқан. Биыл ғана жолы болды.

«Барлығы соншалық жылдам болды – әлі күнге дейін сенбеймін. Өтініш жібердім, екі күннен кейін бағдарлама директорлары жазды: өтінішіңіз мақұлданды, әрі қарай өту үшін бейне керек деді. Бар материалды тез дайындадық. Сайысқа жасайтын тағамды да олар таңдайды. Мен алты позиция жібердім, ішінен бешбармақты таңдады», – дейді Егор.

Әлеуметтік желідегі шу мен пікірлерге қатысты ол көптің қате ойлайтынын айтады:

«Бәрі айтады – бешбармақты алып бару еш қиын емес деп. Бірақ олай емес. Ол жерде тағамды жасауға 30 минут береді. Ал бешбармақты 30 минутта дайындау мүмкін емес. Етті Петропавлда дәмдеп, қаптап, мұздатып қойдық. Барлығын вакуумда поиезбен Краснодарға апардым. Ол жерде әпкем тұрады. Бардым, етті пісірдік, сүздік, содан соң Мәскеуге жолға шықтым. Қонақ үйге түнде келіп, ертең 30 минутта қамыр жайып үлгермейтінімді түсіндім. Сөйтіп супермаркетке барып, керек-жарақты алып, түнде қонақ үйде қамыр жайдым», – дейді бас-аспаз.

Түсірілім күні оған тек барлық компонентті жинап, сапалы түрде ұсыну қалған.

«Менде шұжық, қазы, жылқы еті болды. Бірақ тым майлы болмaс үшін сиырдың жұқа бір бөлігін де қостым. Мен үшін бұл үлкен күйзеліс болды — ұлттық тағаммен барғандықтан, “жоқ” десе, ұятқа қалар едім. Қазақстандық ретінде бұл тағамды құрметтеймін, ұлттық асханаға қызығамын. Бұл мен үшін – мақтаныш. Егер өтпей қалсам, әрі қарай жол жабылар еді. Бірақ сенімді болдым. Ивлев пен Агзамов мақтағанда – жерге кіріп кете жаздадым. Өзім қандай деңгеймен барғанымды түсініп тұрғанмын», – дейді Егор.

Түсірілім 12 сағатқа созылған, қатысушыларға қателесуге мүмкіндік болмаған.

«Өте қиын болды. Әр аспаз жасайтын қарапайым тағамдардың өзі қолыңнан келмей қалады – ол жерде бәрі басқаша. Өз-өзіңе сенім жоғалады. Бас аспаздарға қарасаң – атмосфера керемет, қысым жоғары. Сосын қарсыластар тұр. Біреуге қарап, соны қайталап қойсаң – бітті», – дейді ол.

Финалға өтпесе де, Егордың жолы бұл жерде тоқтамады. Кастингке өтініш берген күні ол Константин Ивлевтің кітап жинағын сатып алады. Сол кітаптардың бірінен оған «Алтын билет» шығады. Шеберлік сабағына қатысуға барлық шығынды өзі өтеген, алайда алған әсері ерекше болған.

«Шеберлік сабағында Ивлевпен жеке сөйлесуге мүмкіндік болды. Шоуда оған жақындауға болмайтын. Ол өте жан-жақты адам, кез келген тақырыпта сөйлесуге болады. Көп нәрсе сұрадым, кеңестер алдым. Эмоция керемет болды. Оның тәжірибесі мол. Ондай адамнан үйренгің келеді. Көп адам оны ұнатпайды, бірақ ол өзін-өзі жасаған тұлға. Мен де солай болғым келеді. Мен оны “шеф” деп атаймын – ол менің шефім», – дейді Егор.

Шеберлік сабағы соңында ол Константин Ивлевтен Алтын диплом алған. Ол жұмыста салтанатты түрде қарсы алады деп күтпеген.

«Мен ешқандай алтын билетке үміттенген жоқпын. Жұрттың бәрі – әйелі, ата-анам – мені жолы болғыш дейді. 17 қарашада Мәскеуге кеттім, 19 қарашада бағдарлама эфирге шыққан — өзім білмеймін. Пойызда байланыс жоқ. Қайтып келсем – жұлдыз болыппын. Жұмысқа әдеттегідей сағат 07.30 келсем бәрі плакаттармен қарсы алды, бәрі Керемет!» – дейді ол.

Әрине, бәрі қуанып жатқан жоқ — әлеуметтік желіде хейтерлер де бар.

«Мен өзім позитивті адаммын. Теріс пікірлерге де позитивті қараймын. “Мен де өтетін едім” дейтіндерге – барып көр, сен оның қандай екенін білмейсің деймін. “Ақшамен өтті” дейтіндерге – бір тиын да жұмсамадым. Барлық шығынды ұйымдастырушылар өтеді. Ең бастысы — тәжірибе, мүмкіндіктер. Мен тоқтамаймын. Өз жасымда жеткенім жеткілікті деп санамаймын — ары қарай өсе беремін», – дейді бас аспаз.

Егор өзінің жетістігіне жақындарының қолдауы үлкен рөл атқарғанын айтады. Әсіресе жұбайы Ксенияға ерекше алғыс білдіреді.

«Жұбайым қатты қолдады, үлкен күш берді. Әпкем де көмектесті. Бала кезден мені осыған итермелеп жүргендердің бірі», – дейді ол.

Егор болашақ жоспарларымен де бөлісті. Қазір ол жұбайы Ксениямен сәби күтіп жүр, сондықтан негізгі уақыт отбасына арналмақ.

«Ал кәсіби мақсаттарым– шоуға тағы қатысқым келеді. Константин Витальевич “Полная посадка” мен “Молодые ножи” жобасына шақырды. Бірақ биыл іріктеу аяқталып қойды. 1 қаңтардан бастап қайта өтініш жіберемін. “Адский шефке” қатысуға да болар еді, бірақ ол жерде ұзақ болу керек. Сонымен қатар өз шеберлік сабағымды ашқым келеді», – деді Егор.

Shares