Петропавловск
+21°C
Главная страница » Мәдениет » С. Мұқанов атындағы кітапханада 1949 жылғы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» басылымы сақталған

С. Мұқанов атындағы кітапханада 1949 жылғы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» басылымы сақталған

December 4, 2025 13:26

С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада 1949 жылы жарық көрген «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу жыры» атты сирек кітап сақтаулы. Бұл жәдігердің бірегейлігі тек жасында ғана емес, сондай-ақ оның СҚО тумасы Георгий Тверитин жасаған авторланған аударманы қамтуында, деп хабарлайды QZ NEWS.

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасы қазақ халық поэзиясының інжу-маржандарының бірі. Кітапханадағы оқу залдары бөлімінің жетекшісі Наталья Чуряктың айтуынша, бұл кітап кітапхана қоры толықтырылып жатқан кезде түскен.

«Бұл бізге ескі кітапхана ғимаратынан өткен. Біз үшін ерекше әрі сирек дүние, себебі бұл – 1949 жылғы басылым. Екіншіден, бұл – дәл Георгий Тверитиннің аудармасы. Ол Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды алғашқылардың бірі болып аударған тұлға. Оның аудармасы бүгінгі таңда ең үздік нұсқалардың бірі саналады», – дейді Наталья Чуряк.

Георгий Тверитин 1889 жылы Петропавл уезінде, діни қызметкер Николай Тверитиннің отбасында дүниеге келген. 1893 жылы отбасы Вознесен станицасына қоныс аударады. Болашақ ақын Ишим қаласындағы бурсада, кейін Тобыл семинариясында оқыған, бірақ 4-курстан шығарылған. 1911 жылы Петербордағы психоневрологиялық институтқа түседі. 1913 жылы демалыс кезінде Вознесенкада қазақ фольклорының жауһары саналатын «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасын аударуды бастайды. Екі нұсқасын жазуға төрт жылын жұмсаған. Екінші нұсқасын 1917 жылы аяқтайды.

Төңкерістен кейін Тверитин 11-армияның құрамында болып, онымен бірге Бакуге дейінгі бүкіл әскери жолдан өтеді. 1922 жылдың жаңа жылы қарсаңында қайтыс болады.

Поэма «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» алғаш рет 1927 жылы Қызылордада, ақынның қайтыс болғаннан кейін жарияланған. Кейін бұл шығарма тағы үш рет басылып шыққан: 1933 жылы Алматыда, 1939 және 1941 жылдары Мәскеуде. Ол көпұлтты кеңестік әдебиеттің алтын қорына енген туындылардың бірі саналады.

«Георгий Тверитин ең алдымен қазақ тілін, қазақтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін жақсы білген. Осы білім оған поэма кейіпкерлерінің лирикалық әлеміне терең бойлап, эпосты орыс тілінде шебер жеткізуге мүмкіндік берді. Сондықтан ол аударманы еркін, әрі ерекше орындаған. Кей жерлерде өзгерістер мен қысқартулар жасаған, кейбір тұстарға сипаттамалық бөлікті толықтыратын қосымшалар енгізген. Бірақ негізгі сюжет толық сақталған. Бізге келетін оқырмандардың көпшілігі арнайы Тверитиннің нұсқасын сұрайды, себебі басқа аудармалар да бар. Бірақ ең үздік деп танылатыны – дәл осы аударма», – дейді Наталья Чуряк.

Тверитин туралы жазғандардың барлығы оның еңбегінің маңыздылығын атап өткен. Айтпақшы, облыстық өлкетану музейі ақынның анағұрлым толық өмірбаянын жинаған. Зерттеушілер поэманың нақты жазылған уақытын анықтап, автордың шағын архивін – сақталып қалған бірнеше хатты, фотосуреттерді және 1941 жылғы кітапты тапқан.

Оқу залдары бөлімінің жетекшісі сирек басылымның тағы бір ерекшелігін атап өтті – оның безендірілуі.

«49-жылғы кітаптың тағы бір құндылығы – мұқабасының түпнұсқа күйінде сақталуы. Тек аздап жабыстырып, барынша сақтап қалуға тырысамыз. Тағы бір ерекшелігі – оның қолдан әрленуі. Мұнда белгілі суретшілердің әсем графикалық белгілері бар. Әр тараудың жанында мәнін аша түсетін өзіндік суреттемелер кездеседі», – дейді Наталья Чуряк.

Кітап оқырмандар арасында өте жоғары сұранысқа ие. Сиректігіне қарамастан, ол музейге берілмей, оқу залы қорында сақталған және студенттер мен оқушылар, оқытушылар мен қала тұрғындары тарапынан белсенді пайдаланылады.

Shares