Нағыз қоқыс алаңы: Ақтау маңындағы дала қандай күйге түскенін экоактивист көрсетті

Блогер әрі экоактивист Азамат Сәрсенбаев Ақтау маңындағы қоқысқа толы даланы көрсетті. Жағдайға Маңғыстау облысының табиғи ресурстар басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды QZ NEWS Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Кадрдан жалғыз жүрген түйені және үлкен аумақтың қалдықтармен жабылып қалғанын көруге болады. Пікір жазған қолданушылар жағдайға наразылық білдіріп, ластанудың ауқымын атап өткен.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында бұл жағдай Мұнайлы ауданының Баянды ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының әсерімен байланысты екенін мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, нысан қалыпты режимде жұмыс істеген, ал қалдықтарды орналастыру белгіленген талаптарға сай жүргізілген:
«Қалдықтардың жеңіл фракцияларының іргелес аумақтарға таралуы кейбір жағдайларда технологиялық және табиғи факторларға байланысты болуы мүмкін. 2026 жылғы 18 сәуірде полигон аумағында және оған жақын учаскелерде жоспарлы санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аумақ тиісті күйде болды. 20 сәуір күні полигон маңында өрт орын алды. Оны сөндіру барысында, сондай-ақ желдің күшеюіне байланысты қалдықтардың жеңіл бөліктері негізгі жинақтау аймағынан тыс жерлерге қайта таралды. Бұл қазіргі жағдайдың себебі болды».
Басқарма өкілдері жағдайдың «уақытша сипатта болғанын және бақылаудың жоқтығын білдірмейтінін» атап өтті. Қазіргі таңда аумақта тазалау жұмыстары ұйымдастырылып, арнайы техника мен қызметтер тартылған. Жұмыстарды жақын арада аяқтау жоспарланып отыр.
Бұған дейін Жетісу өңірінде де экоактивистер елдегі танымал туристік орындардың бірінің маңында жиналған қоқыс үйінділерін көрсеткен болатын. Мәселе жария болғаннан кейін аумақ тазартылған.
