Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да Түркиядан келген профессор Абдулла Экер болашақ логопедтер мен дефектологтарды оқыта бастады

СҚО-да Түркиядан келген профессор Абдулла Экер болашақ логопедтер мен дефектологтарды оқыта бастады

March 19, 2026 14:46

Kozybayev University-де Түркиядан шақырылған оқытушы — Балыкесер университетінің ассистент-профессоры, арнайы білім беру саласының философия докторы Абдулла Экер жұмысын бастады. Оның келуі университеттің халықаралық ынтымақтастығын дамыту және студенттердің білім алу мүмкіндіктерін кеңейту аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Шетелдік маман Петропавлға ұзақ мерзімге келген. Ол «Арнайы педагогика және инклюзивті практика» қос диплом бағдарламасы бойынша білім алып жатқан 2–3 курс студенттерін оқытуға тартылған. Оқу үдерісі аясында профессор логопедия және арнайы білім беру бағытындағы пәндерден дәріс оқып, кәсіби дағдыларды қалыптастыруға бағытталған тәжірибелік сабақтар өткізуде.

Дәріс берумен қатар, Абдулла Экер студенттерге арнайы білім беру, сөйлеу және тіл кемістіктері бойынша кеңес береді, инклюзивті оқытуды ұйымдастырудың заманауи тәсілдерімен бөліседі. Мұндай формат болашақ мамандарға тек теориялық білім ғана емес, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің практикалық қырларын да меңгеруге мүмкіндік береді.
Ғалымның кәсіби жолы педагогикалық қызметтен басталған — ол мұғалім және білім беру бағдарламаларының үйлестірушісі ретінде жұмыс істеген.

Көпжылдық тәжірибесі барысында Абдулла Экер ым-ишара тілін оқыту, логопедия, сондай-ақ сөйлеу және тіл терапиясы бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыру саласында мол тәжірибе жинақтаған.

Профессордың ғылыми қызметі арнайы педагогиканың өзекті бағыттарын қамтиды. Оның зерттеулері есту қабілетінің бұзылыстары, аутизм спектрі бұзылыстары және зейін тапшылығы мен гиперактивтілік синдромы мәселелеріне арналған. Ғылыми еңбектері салалық журналдарда жарияланып, өзі халықаралық конференцияларда тұрақты түрде баяндама жасайды. Ол ұлттық және халықаралық деңгейде жарық көрген бірқатар ғылыми еңбектердің авторы.
Петропавлдағы алғашқы жұмыс апталарын қорытындылай келе, Абдулла Экер жаңа академиялық ортаға тез бейімделіп, студенттермен байланыс орнатқанын атап өтті.

«Университеттегі достық атмосфера мен студенттердің ашықтығы мені жағымды тұстары таңғалдырды. Білім алушылардың басым бөлігі ағылшын тілін жақсы меңгерген», — деді ол.

Университетте шетелдік оқытушыларды тарту білім сапасын арттырумен қатар, халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, студенттер заманауи білім мен тәжірибеге қол жеткізіп, арнайы және инклюзивті білім беру саласында бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасады.

Shares