Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » 5 жылда 3,5 миллион өтініш: СҚО-да 1414 байланыс орталығы мерейтойын атап өтуде

5 жылда 3,5 миллион өтініш: СҚО-да 1414 байланыс орталығы мерейтойын атап өтуде

April 1, 2026 16:00

Солтүстік Қазақстан облысында Бірыңғай 1414 байланыс орталығы құрылғанына 5 жыл толуын атап өтуде, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Осы уақыт ішінде қызмет өңір тұрғындары мен жалпы ел азаматтарына мемлекеттік қызметтер мен қажетті ақпаратқа жедел қолжетімділікті қамтамасыз ететін цифрлық инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналды.
Байланыс орталығы өз жұмысын 2021 жылғы 1 сәуірде бастады. Іске қосылған сәттен бастап ол халық үшін сенімді көмекші ретінде танылып, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу арқылы қызмет көрсету сапасын арттырып келеді. Бүгінде бұл тек анықтама қызметі ғана емес, азаматтар мен мемлекет арасындағы толыққанды байланыс арнасына айналды.

Бес жыл ішінде орталық операторлары 3,5 миллион қоңырауды қабылдаған. Ең көп сұранысқа ие мәселелердің қатарында электрондық цифрлық қолтаңбаны алу және кері қайтарып алу, паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу, сондай-ақ салық міндеттемелері мен есептік көрсеткіштерді нақтылау бар.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Еркін Жұмабайдың айтуынша, күн сайын операторлар орта есеппен 15 мыңға дейін өтінішті өңдейді.

«1414 байланыс орталығы бүгінде жай ғана анықтама қызметі емес, мемлекет пен азаматтар арасындағы толыққанды цифрлық байланыс арнасы. 3,5 миллион өтініш – бұл 3,5 миллион шешілген мәселе мен көрсетілген көмек. Күн сайын операторларымыз орта есеппен 15 мыңға дейін қоңырауды өңдеп, азаматтардың орналасқан жеріне қарамастан ел ішінде де, шетелде де мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді», – деді ол.

Жылдар ішінде байланыс орталығында кәсіби әрі ұйымшыл ұжым қалыптасты. Қазіргі таңда мұнда 35 оператор еңбек етеді. Олар күн сайын азаматтарға кеңес беріп, туындаған мәселелерді жедел шешуге көмектеседі.
Цифрлық сервистерді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Байланыс орталығы базасында тәулік бойы дауыстық робот-көмекші жұмыс істейді. Ол ең сұранысқа ие қызметтер бойынша кеңес береді: құжаттардың дайын болуын тексеруге, ХҚКО-ға кезекті брондауға, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерден анықтамалар алуға, несие рәсімдеуге тыйым қоюға, сондай-ақ қажетті құжаттар тізімін SMS-хабарлама арқылы білуге мүмкіндік береді.

Shares