Ақмола облысында Петропавлдан шыққан халықаралық автобустың жолаушылары құтқарылды

Қысқы жол бұл жолы да техника мен адамдарды сынға салды. Ақмола облысы аумағында Макинск қаласы мен Макинка ауылы арасындағы тасжолда қозғалтқышының күрделі ақауына байланысты қалааралық автобус тоқтап қалды. Рейс «Петропавл – Шымкент» бағыты бойынша ұзақ қашықтыққа қатынап бара жатқан, деп хабарлайды QZ NEWS.
Автобус ішінде 13 жолаушы болған. Олардың құрамы халықаралық сипатта: үшеуі – Қазақстан азаматы, үшеуі – Өзбекстан Республикасының азаматтары, жетеуі – Қырғызстан тұрғындары. Даланың ортасында суық автобуста қалған жолаушыларға шұғыл көмек қажет болды.
«Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері полициямен бірлесіп, жолаушыларды жедел эвакуациялап, Макинск қаласындағы жылыту пунктіне орналастырды. Барлығына қажетті көмек көрсетілді», – делінген хабарламада.
