Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл соты Акмальдің концертінің өтпей қалуына байланысты ұйымдастырушысына 5 миллион теңгеден астам қаражат өндіріп берді

Петропавл соты Акмальдің концертінің өтпей қалуына байланысты ұйымдастырушысына 5 миллион теңгеден астам қаражат өндіріп берді

April 8, 2026 18:19

Солтүстік Қазақстан облысында өтпей қалған мәдени іс-шара үшін қаражаты қайтарылмаған тұтынушылардың құқықтары сот арқылы қорғалды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі  Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтардың мүддесін қорғау мақсатында қабылданған маңызды сот шешімі туралы мәлімдеді.

Петропавл қаласының №2 соты департаменттің жеке кәсіпкерге қатысты тұтынушылардың пайдасына қаражат өндіру туралы талап-арызын толық көлемде қанағаттандырды.
Сотқа жүгінуге 2025 жылғы 25 қазанда Қостанай қаласында өтуі тиіс болған Akmal орындаушысының концертіне билет сатып алған азаматтардың көптеген шағымдары себеп болған. Іс-шара тоқтатылғаннан кейін төленген қаражат толық қайтарылмаған немесе ішінара ғана өтелген. Сот барысында көптеген тұтынушының төленген қаражаты толық көлемде қайтарылмағаны анықталды. Сонымен қатар кәсіпкерге жолданған сотқа дейінгі талап нәтиже бермеген, яғни заңбұзушылықтар жойылмаған. Құқықтары оннан астам адамның бұзылғанын ескере отырып, департамент белгісіз тұлғалар тобының мүддесін қорғау үшін сотқа жүгіну құқығын пайдаланған.

Нәтижесінде жауапкерден зардап шеккен азаматтардың пайдасына 5 380 126 теңге өндірілді. Департамент басшысының міндетін атқарушы Ғ. Абаевтың айтуынша, қабылданған сот шешімі тұтынушылар құқықтарының мемлекет тарапынан қорғалатынын тағы бір мәрте дәлелдейді.

«Қызмет көрсету формасына қарамастан, оның ішінде электронды платформаларды пайдалану кезінде де, кәсіпкерлік субъектілері тұтынушылар алдындағы міндеттемелерін толық әрі тиісінше орындауға міндетті», – деп атап өтті ол.

Ведомствода тұтынушылардың құқықтарын қорғау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын, ал әрбір анықталған заңбұзушылыққа қағидатты құқықтық баға берілетінін жеткізді.

Shares