Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда шашты 15 мың теңгеге бояу орнына 52 мың теңге талап етілген жағдай сотқа дейін жетті

Петропавлда шашты 15 мың теңгеге бояу орнына 52 мың теңге талап етілген жағдай сотқа дейін жетті

April 8, 2026 10:59

Петропавл қаласының №2 сотында қаралған бұл іс кейде сұлулық салонына бару тек жаңа образбен емес, сот дауына ұласуы мүмкін екенін көрсетті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотқа жеке кәсіпкер жүгініп, көрсетілген қызмет құнын, сондай-ақ моральдық зиян өтемақысын өндіріп алуды сұраған. Даудың туындауына себеп — қарапайым шаш бояу рәсімінен кейінгі келіспеушілік.
Іс барысында анықталғандай, тараптар қызмет құнын алдын ала талқылаған. Әлеуметтік желідегі хат алмасуда баға 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейінгі аралықта келісілген. Алайда қызмет аяқталған соң клиентке ұсынылған шот бұл келісімнен айтарлықтай асып кеткен — 52 900 теңге.

Мұндай соманы төлеуден клиент бас тартқаны түсінікті. Осыдан кейін дау туындап, іс сотқа жеткен. Сот анықтағандай, бағаның мұндай күрт өсуі біржақты тәртіппен жүзеге асырылған. Орындаушы клиентке қызмет құнының өзгергені немесе қымбатырақ материалдар қолданылатыны туралы алдын ала ескерткенін дәлелдей алмаған. Яғни, бұл «тосынсый» клиент үшін күтпеген жағдай болған.
Істі қарау барысында сот орындаушы тұтынушыны қызмет құны туралы толық әрі алдын ала хабардар етуге міндетті екенін еске салды. Кез келген өзгеріс тек клиенттің келісімімен ғана енгізілуі тиіс. Әйтпесе, заң аясында тиісті жауапкершілік қарастырылады.

Нәтижесінде сот талап-арызды ішінара қанағаттандырды. Жауапкерден бастапқы келісімге сәйкес 15 000 теңге өндірілді. Ал моральдық зиянды өтеу бөлігінде кәсіпкердің талабы қанағаттандырылмады, себебі клиент тарапынан ар-намысқа тиетін әрекеттер немесе қорлау фактілері дәлелденбеген. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Shares