СҚО Білім басқармасы зардап шеккен оқушыға сипаттама берді

Солтүстік Қазақстан облысының Білім басқармасы Гусаковка ауылында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасады. Аталған елді мекенде мектеп оқушысы мектеп дәретханасында 70 пайыздық сірке қышқылын ішіп, ауыр химиялық күйік алған болатын, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Оқиғаның ауыр әрі алаңдатарлық сипатына қарамастан, мектеп әкімшілігінің мәліметінше, қайғылы жағдайға алып келетіндей айқын алғышарттар болмаған. Оқушы оқу орнында тек жағымды қырынан сипатталған.
«Оқу орнында оқушыға оң мінездеме берілген, бұған дейін даулы жағдайларға қатыспаған, сабақтарға тұрақты қатысқан және қатарластары мен педагогтармен достық, сыйластық қарым-қатынаста болған», – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Сондай-ақ оқиға болған сәттен кейін мектепке Психологиялық қолдау орталығының мобильді мамандар тобы жіберілгені хабарланды. Психологтар бұл жағдайды ауыр күйзеліспен қабылдаған педагогтармен де, оқушылармен де жұмыс жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Құқық қорғау органдары бұл жағдайға алып келуі мүмкін барлық мән-жайлар мен себептерді анықтауда.
Оқушы жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.
«Медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. Ең білікті мамандар мен қажетті барлық жабдықтар жұмылдырылған. Баланың жағдайын тұрақтандыру үшін барлық шаралар қабылданып жатыр», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасында.
