Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО дәрігерлері 70 пайыздық сірке қышқылын ішіп қойған оқушының өмірі үшін күресуде

СҚО дәрігерлері 70 пайыздық сірке қышқылын ішіп қойған оқушының өмірі үшін күресуде

February 5, 2026 14:45

Петропавл қаласында дәрігерлер жасөспірімнің өмірін сақтап қалу үшін күресуде. Гусаковка ауылының 16 жастағы оқушысы ішкі ағзаларының ауыр химиялық күйігін алып, облыс орталығы мамандарының шұғыл араласуын қажет етті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Оқиға 4 ақпан күні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, сабақ кезінде оқушы дәретханаға шығуға рұқсат сұраған. Сол жерде, кабинкаға кіріп, 70 пайыздық сірке қышқылын ішкен. Қатты ауыр хәлде жатқан қызды мектеп қызметкерлері байқап, дереу жедел медициналық көмек шақырған.

Жасөспірім алдымен Айыртау аудандық ауруханасына жеткізілді. Алайда жарақаттардың аса ауыр болуына байланысты дәрігерлер санитарлық авиацияны жедел тарту туралы шешім қабылдады. Арнайы бортпен, бейінді медицина қызметкерлерінің ілесуімен науқас Петропавл қаласындағы Көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Қазіргі уақытта оқушы жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.

«Медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. Ең білікті мамандар мен қажетті барлық жабдықтар жұмылдырылған. Баланың жағдайын тұрақтандыру үшін барлық шаралар қабылдануда», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасында.

Shares