Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО Кәсіпкерлер палатасында еңбек дауларының тәуекелдері мен өндірістегі қауіпсіздік мәселелері талқыланды

СҚО Кәсіпкерлер палатасында еңбек дауларының тәуекелдері мен өндірістегі қауіпсіздік мәселелері талқыланды

April 16, 2026 18:59

Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасында қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін бизнес қауымдастығы мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Кездесу барысында қатысушылар еңбек заңнамасын сақтау, еңбек дауларының алдын алу және өндірістегі қауіпсіздік шараларын күшейту мәселелеріне баса назар аударды.

Іс-шара барысында жұмыс берушілерге, кадр мамандарына, бухгалтерлерге, сондай-ақ дәмхана мен мейрамхана әкімшілеріне Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар адам саудасына қарсы іс-қимыл, еңбек қанауына жол бермеу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Кездесуді ашқан СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев бизнес пен бақылаушы органдар арасындағы тұрақты диалогтың маңызын атап өтті:

«Бұл алаңда біз серіктестеріміз — бақылау-қадағалау органдарымен тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеміз. Мақсат — бизнес субъектілерін заңнамадағы барлық жаңашылдықтар туралы дер кезінде хабардар ету. Кәсіпкерлер құқықтық ортада еркін бағдар алып, өз саласында құзыретті болуы тиіс. Бүгінгі жиын да — соның бірі. Бүгін талқыланып отырған тақырып әрбір жұмыс беруші мен қызметкердің мүддесіне тікелей қатысты».

Кездесу барысында қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру, Enbek.kz ақпараттық жүйесіне деректерді уақытылы енгізу, оның ішінде шетелдік мамандар туралы мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ қоғамдық тамақтану, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында еңбек қатынастарын дұрыс рәсімдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл және өзге де мәселелерді СҚО бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы Мирас Сабағанов жан-жақты түсіндірді.

Оның айтуынша, 2026 жылдың басынан бері ведомствоға азаматтардан 443 өтініш келіп түскен. Оның 403-і еңбек құқықтарының бұзылуына, ал 40-ы еңбек қауіпсіздігіне қатысты.

«Еңбек заңнамасының 95 бұзушылығы анықталды. Оның 68-і еңбек қатынастары саласына, 27-сі қауіпсіздік техникасына қатысты. Жұмыс берушілерге 57 нұсқама берілді. Сонымен қатар 32 лауазымды және заңды тұлғаға жалпы сомасы шамамен 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды», — деді Мирас Сабағанов.

Анықталған заңбұзушылықтарға қарамастан, өңірде өндірістік жарақаттанудың төмендеуіне байланысты оң динамика байқалады. 2026 жылдың есептік кезеңінде 7 жазатайым оқиға тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (12 жағдай) 58 пайызға төмен. Мамандардың айтуынша, мұндай көрсеткіш жүйелі профилактикалық жұмыстар мен еңбек ұжымдарында тұрақты түсіндіру шараларының жүргізілуімен байланысты.

Кездесуге қатысушылар еңбек қатынастарын дұрыс рәсімдеу бизнес қауіпсіздігінің негізі екенін атап өтті. Бұл әкімшілік айыппұлдар тәуекелін азайтып, дауларды құқықтық алаңда тиімді реттеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаз мезгілі қарсаңында кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру мәселесі де қозғалды. СҚО бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің еңбек қатынастары бөлімінің басшысы Әсел Абдуғалиева қолданыстағы нормаларды еске салды:

«Қазақстанда кәмелетке толмағандармен еңбек шарты 14 жастан бастап жасалады. Мұндай жағдайда келісімшартқа жұмыс беруші мен ата-ана тарап болады. Ал 15–16 жастағы жасөспірімдер еңбек шартын өз бетінше жасай алады, бірақ белгілі бір шектеулер бар: түнгі уақытта (22:00-ден 06:00-ге дейін) жұмыс істеуге, үстеме жұмысқа тартуға тыйым салынады. Сондай-ақ жиынтық жұмыс уақыты есебімен жұмыс істеуге болмайды. Жаз мезгілі басталып келеді, қосымша табыс тапқысы келетін оқушылар көп. Сондықтан жұмыс берушілерді заң талаптарын сақтай отырып, еңбек шарттарын дұрыс рәсімдеуге шақырамын».

Адам саудасы мен еңбек қанауының тәуекелдері туралы кәсіпкерлерге СҚО ПД ҰҚҚБ жедел уәкілі, полиция майоры Аякөз Байменова ескертті:

«Адам саудасы — қазіргі заманның ең қауіпті әрі жасырын қылмыстарының бірі. Бұл қылмыс үшін Қазақстанда 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі таңда интернет арқылы адамдарды арбап, тиімді жұмыс ұсынамыз деген желеумен жалдау жағдайлары жиі кездеседі. Ең кең таралғаны — еңбек қанауы. Көбіне мұндай қылмыстың құрбанына әйелдер, балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік осал топ өкілдері айналады. Дегенмен кез келген адам зардап шегуі мүмкін».

Кездесу барысында киберқылмысқа қатысты статистика да ұсынылды. СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Милена Балацкаяның айтуынша, интернет-алаяқтық құқықбұзушылықтар арасында әлі де алдыңғы орында.

«2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 654 фактісі тіркеліп, жалпы келтірілген шығын 1 млрд 401 млн теңгені құрады. Зардап шеккендердің қатарында жеке кәсіпорындардың 261 өкілі бар, оның ішінде 12 басшы және 249 қызметкер, сондай-ақ зауыттар мен ірі кәсіпорындардың 175 өкілі. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында 135 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,6 пайызға төмен. Осы кезеңдегі жалпы шығын көлемі 350 млн теңгені құрады. 135 фактіінің 33-і жеке кәсіпорындарға, 13-і ЖШС-ға, 4-і зауыттарға тиесілі», — деді Милена Балацкая.

Кездесу қорытындысында кәсіпкерлерге еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтау, еңбек қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу және цифрлық қауіптердің артуы жағдайында сақ болу қажеттігі ескертілді.

Shares