Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Цифрлық бақылау: Петропавлда қар шығаруды бақылауға жасанды интеллект көмектеседі

Цифрлық бақылау: Петропавлда қар шығаруды бақылауға жасанды интеллект көмектеседі

February 7, 2026 11:04

Петропавл қаласында қарды шығару процесін бақылауға жасанды интеллект тартылмақ. Қалалық әкімдікте осы бағыттағы пилоттық жоба таныстырылды. Енді 170 бірлік арнайы техника кіріктірілген жасанды интеллекті бар камералардың бақылауында болады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Қаладағы үш қар полигонына — Шаховское ауылында, «Якорь» және «Солнечный» аумақтарында — жасанды интеллект орнатылған 6 бейнебақылау камерасы қойылды. Әр полигон аумағында екі «ақылды» камерадан орнатылған. Енді ЖИ көлік құралын және оның бөлшектерін, атап айтқанда мемлекеттік нөмірін әрі әкелінген қардың көлемін анықтай алады.

Айта кетейік, жүк көлігінде қар көлемі кемінде 90 пайыз болуы тиіс. Егер бұл көрсеткіш төмен болса, жасанды интеллект тәртіп бұзушылықты тіркейді. Жоба іске қосылғанға дейін қарды шығару мынадай жүйе арқылы бақыланған: арнайы техниканың GPS-трекингі және қар қабылдайтын адамдар. Яғни, барлық деректерді адам факторы тіркеп отырған.

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, бұл жоба қаланы цифрландыру бағдарламасының бір бөлігі болып табылады.

«Бұл бағдарлама қарды шығару бойынша әлдеқайда нақты көрсеткіштер береді. Менің ойымша, жоба тиімді әрі жақсы жұмыс істейді. Кейбір толықтырулар мен ұсыныстар бар, оларды мамандар әлі де жетілдіретін болады», — деді қала басшысы.

Петропавл — бұл бастаманы алғаш енгізген қала. Қазіргі таңда Қазақстанда мұндай пилоттық жобаны іске қосқан жалғыз қала болып отыр. Жобаны «Nur-Lite Soft» ЖШС басшысы Данияр Мелдебеков таныстырды. Аталған астаналық компания өңірде 2019 жылдан бері жұмыс істейді.

«Қазіргі уақытта біз жасанды интеллектіні әрбір көлікті, тіпті оның майысқан жерлеріне дейін танитындай етіп үйретіп жатырмыз. Жеткізушілерден техника суреттерін сұратамыз. Егер жоба тиімділігін дәлелдесе, оны еліміздің басқа өңірлеріне де таратамыз», — деді Данияр Мелдебеков.

Қыс басталғалы бері қаладан шамамен 300 мың текше метр қар шығарылған. Қарды тазалау және шығару жұмыстары негізінен кешкі сағат 20:00-ден таңғы 07:00-ге дейін жүргізілген.
Қазіргі таңда Петропавлда цифрлық технологияларды енгізу белсенді түрде жалғасуда. Өткен жылы қаланың аулаларындағы қоқыс контейнерлерінің маңына шамамен 47 бейнекамера орнатылды. 2026 жылы олардың саны тағы 200-ге арттырылмақ.

Сондай-ақ жергілікті «Арбат» аумағында да бейнебақылауды күшейту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, қала көшелерінде автокөліктердің орташа қозғалыс жылдамдығын тіркейтін камералар пайда болуы мүмкін. Бұл туралы да кездесуде қала әкімі мәлімдеді.

Shares