Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » eQyzmet жүйесі арқылы іріктеу туралы не білу маңызды

eQyzmet жүйесі арқылы іріктеу туралы не білу маңызды

May 14, 2026 13:30

2026 жылғы 1 сәуірден бастап әкімшілік мемлекеттік қызметке іріктеу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік қызметке қатысу үшін үміткерлер «eQyzmet.gov.kz» интеграцияланған ақпараттық жүйесінің ашық порталына тіркелуі қажет, деп хабарлайды QZ NEWS.

Авторизациядан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасын білу бойынша тест тапсыру қажет. Тест 4 құқықтық актіні қамтиды: Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі.

Заңнаманы білу тестін сәтті тапсырғаннан кейін үміткерлер жеке қасиеттерін бағалау тестінен өтеді (бірінші бағдарлама басшылық лауазымдарға, екіншісі басшылық емес лауазымдарға, үшіншісі жұмыс өтілін талап етпейтін төменгі буын лауазымдарына арналған).

Тест нәтижелері бойынша заңнаманы білу және жеке қасиеттерді бағалау қорытындысымен 1 жыл мерзімге сертификат беріледі. Ол бірнеше конкурсқа қайта тест тапсырмай қатысуға мүмкіндік береді.

Конкурсқа жеке қасиеттерді бағалау нәтижесі бойынша ең жоғары балл жинаған үздік 5 үміткер жіберіледі.

Басшылық мемлекеттік лауазымдар үшін конкурс эссе жазу және сұхбаттасу кезеңдерін қамтиды. Атқарушылық және төменгі буын лауазымдары практикалық бағалау кезеңі арқылы іріктеледі (2 практикалық тапсырма орындалады).

Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған үміткер мемлекеттік қызметке тағайындалуы мүмкін. Жаңа іріктеу тәртібі конкурс рәсімін барынша ашық, қолжетімді және әділ етеді.

СҚО Мемлекеттік қызмет істері департаменті сіздерді іріктеуге қатысуға, қабілеттеріңізді көрсетуге, кәсіби дамуға қадам жасауға және жаңа ережелер бойынша мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігін пайдалануға шақырады.

Shares