СҚО-да 6,5 мыңнан астам қызметкердің электрондық еңбек шарты жүйеде тіркелмегені анықталды

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (ЕШЕАБЖ) мәліметтері жоқ 6,5 мыңнан астам қызметкерді анықтады. Заңбұзушылықтар өңірдегі екі мыңға жуық кәсіпорында тіркелген, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Талдау барысында 1 837 жұмыс берушінің мемлекеттік цифрлық жүйеге 6 517 қызметкер туралы мәлімет енгізбегені белгілі болды. Бұл ретте аталған азаматтар нақты жұмыс істеп жүр: олар үшін міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар тұрақты түрде төленеді, алайда олардың еңбек қатынастары Еңбек министрлігінің базасында ресми түрде көрсетілмеген.
«Белгіленген мерзімдердің өтіп кетуіне қарамастан, облыс жұмыс берушілері ЕШЕАБЖ-ға еңбек шарттары туралы мәліметтерді енгізуді қамтамасыз етпеген. Бұл еңбек заңнамасы талаптарының ұзақ уақыт бойы орындалмағанын, еңбек қатынастарын есепке алу тәртібінің бұзылғанын көрсетеді және қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылуына алғышарттар қалыптастырады», – деп хабарлады СҚО прокуратурасы.
Қадағалау органы еңбек құжаттарын электрондық форматқа көшіру жұмыстары 2020 жылы аяқталуы тиіс болғанын еске салды. Сонымен қатар, 2026 жылғы 12 наурыздан бастап Қазақстанда ЕШЕАБЖ жүйесінде еңбек шарттары туралы мәліметтердің болмауына байланысты әкімшілік жауапкершілік енгізілген.
Алғашқы құқық бұзушылық үшін жұмыс берушілерге кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай айыппұл салынады: шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК (259 500 теңге), орта бизнеске – 80 АЕК (346 мың теңге), ірі бизнеске – 150 АЕК (648 750 теңге). Қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 200 АЕК-ке дейін ұлғаюы мүмкін.
Тексеру қорытындысы бойынша прокуратура Мемлекеттік еңбек инспекциясына ұсыну енгізді. Мамандарға заңбұзушылық анықталған барлық 1 837 кәсіпорынды хабардар ету, кемшіліктерді жою шараларын қабылдау және жұмыс берушілер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Мәселені шешуге өңірлік Кәсіпкерлер палатасы да атсалысты. Палата сарапшылары ұйым басшыларына өз қызметкерлері туралы мәліметтердің ЕШЕАБЖ жүйесінде бар-жоғын тексеріп, әкімшілік жауапкершілікке тартылмау үшін кадрлық құжаттаманы заң талаптарына сәйкес уақытылы ретке келтіруді ұсынды.
