Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » 145 жылдық еңбек өтілі: Петропавлдағы Айжарқыновтар әулеті ұстаздықты өмірлік ісі санайды

145 жылдық еңбек өтілі: Петропавлдағы Айжарқыновтар әулеті ұстаздықты өмірлік ісі санайды

October 1, 2026 11:45

Петропавлдағы Айжарқыновтар отбасында педагогика жай ғана мамандық емес, бірнеше ұрпаққа жалғасқан өмірлік іске айналған. Ұстаздар әулеті өкілдерінің жалпы еңбек өтілі 145 жылды құрайды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Айжарқыновтар әулетінің ұстаздық жолы Зураш Байдоллақызы Сейтеновадан басталған. Ол Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылында 45 жыл математика пәнінен сабақ беріп, ғұмырын білім мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге арнады. Балаларға деген сүйіспеншілігі, еңбекқорлығы мен мамандығына деген адалдығы төрт баласына үлгі болды. Олар да өз өмірін мектеппен байланыстырды.

Бүгінде Зураш Байдоллақызының бір ұлы мен үш қызы білім беру саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әрқайсысы өз бағытын таңдағанымен, барлығын балаларға әлемді тануға көмектесу және өз жолын табуға бағыттау деген ортақ мақсат біріктіреді.

Үлкен қызы Гүлшат Амантаевна қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келе жатқанына 31 жыл болды. Қазір ол Астана қаласындағы №79 мектеп-лицейде жұмыс істейді.

Ортаншы қызы Гүлназ Амантаеваның педагогикалық өтілі – 26 жыл. Ол Петропавлдағы дарынды балаларға арналған Әбу Досмұхамбетов атындағы мамандандырылған гимназия-интернатта еңбек етеді. Мұнда бастауыш сынып оқушыларына білім әлеміне алғашқы қадам жасауға, сауат ашуға, әріптер мен кітаптардың ғажайып әлемін тануға көмектеседі.

Ұлы Данияр Амантаев қалалық Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназияда дене шынықтыру пәнінен 24 жылдан бері сабақ беріп келеді.

Ал кенже қызы Гүлнұр Амантаева – Әлихан Бөкейхан атындағы №25 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Биыл оның білім беру саласындағы еңбек өтілі 19 жылға толды.

Гүлнұр Амантаева үшін ұстаздық мамандық – отбасы дәстүрі ғана емес, анасының еңбегіне деген құрмет пен педагогтің жоғары жауапкершілігін түсінуге негізделген саналы өмірлік таңдау.

«Адамның өмір жолын нұрландырып, дұрыс бағыт-бағдар көрсететін жан – ұстаз. Біздің отбасымыз үшін бұл ортақ өмірлік мақсатқа әрі қасиетті мұраға айналды. Анамыздың: «Ұстаздық – ұлы міндет. Бұл жүрекпен атқаратын жұмыс», – деген сөзі әрдайым біздің өмірлік ұстанымымыз болды және солай болып қала береді», – дейді Гүлнұр Амантаева.

Еңбек өтілінің сандарының артында мыңдаған сабақ, жүздеген шәкірт, алғашқы жетістіктер мен маңызды жаңалықтар тұр. Әулеттің әр мүшесі анасы үйреткен ұстаздық жолды жалғастыра отырып, балалардың болашағына өзіндік үлесін қосып келеді.

Ұстаздар күні қарсаңында бұл отбасының тарихы шынайы мамандыққа деген сүйіспеншіліктің еңбек жылдарымен ғана өлшенбейтінін көрсетеді. Нағыз ұстаздық жол шәкіртке деген қарым-қатынастан, өз ісіне адалдықтан және келер ұрпаққа тек білім ғана емес, адамгершілік құндылықтарды да жеткізуге деген ұмтылыстан көрінеді.

Ал мамандық отбасылық құндылыққа айналса, бір кездері егілген ізгілік пен даналықтың дәні жылдар өте жемісін бере бермек.

Shares