Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » Жауапкершілік пен төзімділікке тәрбиелеуді басты міндетім деп санайтын ұстаз

Жауапкершілік пен төзімділікке тәрбиелеуді басты міндетім деп санайтын ұстаз

October 2, 2026 16:17

СҚО Аққайың ауданындағы Власов орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі шаңғы жарысынан жаттықтырушы Василий Климович Кузнецов үшін спорт әлдеқашан жай ғана мамандық емес, өмірінің мәніне айналған. Оның жетекшілігімен оқушылар шаңғы спортының қыр-сырын меңгеріп, қиындықтарды еңсеруге үйреніп, мектеп пен аудан мақтан тұтарлық нәтижелерге қол жеткізіп келеді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Василий Климовичтің шәкірттері шаңғы жарысы, кросс, шаңғыроллер және көпсайыс бойынша аудандық және облыстық жарыстарда үнемі жүлделі орындардан көрініп жүр. Оның тоғыз шәкірті Солтүстік Қазақстан облысының құрама командасының сапында. Бұл жетістіктердің артында күнделікті жаттығу, табандылық және әр баланың қабілетін аша білетін ұстаздың еңбегі тұр.

Жаттықтырушының еңбегінің жарқын мысалдарының бірі – Аққайың балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің үздік спортшысы атанған Мария Войцеховская. Ол спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындады. Ұстазының тағы бір мақтанышы – Эвилина Безкровная. Ол да 2026 жылы жылдың үздік спортшысы атанды.

Алайда Василий Климович үшін медальдар мен спорттық атақтар ғана маңызды емес.

«Дене шынықтырумен айналысу адамға өмір бойы қажет болатын қасиеттерді қалыптастыруға көмектесетініне сенімдімін. Олар – тәртіп, төзімділік, жауапкершілік және кез келген кедергіге қарамастан алға қойған мақсатқа ұмтылу», – дейді педагог.

Ұстаздар күні қарсаңында осындай педагогтерді ерекше атап өткен жөн. Василий Кузнецов сынды ұстаздар өз еңбегімен мұғалімнің нағыз жеңісі – шәкірттерінің жетістігі, мықты мінезі және алға ұмтылысы екенін дәлелдеп келеді.

Shares