Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавлда қалдықтарды сұрыптау және жасыл аймақтарды сақтау мәселелері талқыланды

Петропавлда қалдықтарды сұрыптау және жасыл аймақтарды сақтау мәселелері талқыланды

October 2, 2026 10:30

Петропавлда «Жасыл кинотеатр» экологиялық бастамасы аясында «Балық аулау торлары мен қоқыс теңізі» деректі фильмі көрсетілді. Кино көрсетілім су айдындары мен табиғи аумақтардың ластануы, сондай-ақ қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелеріне арналды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Фильм көрермендерді экологиялық проблемалармен және олардың нақты салдарымен таныстырды. СҚО МРК басшысы Анастасия Волкова экологиялық мәдениет күнделікті іс-әрекеттерден қалыптасатынын атап өтті.

«Экологиялық күн тәртібі тек ауқымды жобалар мен ірі бастамалардан тұрмайды. Ол әр адамнан және оның күнделікті әдеттерінен басталады. Кино көрсетілім бізге деректі фильмді көріп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғау үшін не істей алатынымызды талқылауға мүмкіндік берді. Осындай шаралардан кейін адамда нақты әрекет етуге деген ниет пайда болуы маңызды. Табиғатты қорғау, артынан қоқыс қалдырмау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қажет», – деді Анастасия Волкова.

Экологиялық қозғалысқа қатысушылар да өз пікірлерін білдірді. «Жасыл ел» жасағының сарбазы Измира Қорғанбек фильм адамзаттың табиғатқа тигізетін әсеріне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жастар экологиялық мәселелерді шешуге тек акцияларға қатысу арқылы ғана емес, өз іс-әрекетімен де үлес қоса алады.

«Жасыл ел» жасағының тағы бір мүшесі Алихан Рахиев экологиялық жауапкершіліктің практикалық жағына тоқталды. Оның ішінде қалдықтарды дұрыс басқарудан бастап, аумақтарды тазалауға қатысуға дейінгі қарапайым әрекеттердің маңызына назар аударды.

СҚО фронт-офисінің волонтері Олег Мельничук фильмде көрсетілген мәселелерді күнделікті өмірден алшақ құбылыс ретінде қабылдауға болмайтынын айтты.

«Көрсетілімнен кейін адам жай ғана көрермен болып қалмай, нақты әрекеттен бастағаны маңызды», – деді ол.

Ұйымдастырушылар қоршаған ортаға қамқорлық жасауды қарапайым әрекеттерден бастауға болатынын атап өтті. Атап айтқанда, қоқыс қалдырмау, су мен электр энергиясын үнемдеу, жасыл аймақтарға ұқыпты қарау және экологиялық бастамаларға белсенді қатысу қажет.

Shares