СҚО-да проблемалы көшелерді патрульдеу және мектептер мен колледждердегі құқық бұзушылықтардың алдын алу күшейтіледі

Солтүстік Қазақстан облысында жолдардағы апаттылықты төмендету және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары талқыланды. Жолдардың қауіпті учаскелеріне, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Бұл мәселелер облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қаралды.
Соңғы үш жылда облыстық бюджеттен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 3 миллиард теңге бағытталды. 2026 жылы бұл мақсатқа тағы 1,3 миллиард теңге қарастырылған. Қабылданған шаралар жолдағы жағдайды бақылауды күшейтіп, тіркелген жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік берді.
Отырыста Петропавл мен аудандардағы жолдардың жай-күйі, сондай-ақ жол-көлік оқиғалары жиі болатын тасжол учаскелерінің жағдайы жеке қаралды. Өңір басшысы бұл жерлердегі бақылауды күшейтуді, полицияның нұсқамаларын уақытылы орындауды және жол жамылғысын сақтауға бағытталған шараларды қабылдауды тапсырды.
Тағы бір маңызды мәселе – ауыр жүк көліктерінің қозғалысы. Облыста жоспарланған алты автоматтандырылған өлшеу станциясының төртеуі орнатылды. Олардың жұмысының нәтижесінде 212 әкімшілік материал толтырылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 82 миллион теңгеге жетті.
Сонымен қатар жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Егер 2024 жылы тексерілген жүк көліктерінің 90 пайызынан заң бұзушылық анықталса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 40 пайызға төмендеген.
Ғауез Нұрмұхамбетов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырып, оның ішінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Аудан және Петропавл әкімдеріне мектептер маңындағы жол инфрақұрылымын абаттандыру жұмыстарын жеделдету және жол қызметтерін қысқы кезеңге алдын ала дайындау тапсырылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – қоғамдық тәртіптің жай-күйі. Соңғы үш жылда өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен шамамен 587 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде 2026 жылға 130 миллион теңге қарастырылған. Алдын алу шараларының нәтижесінде жалпы қылмыс саны 17,5 пайызға азайған.
Дегенмен, өңір басшысының айтуынша, бірқатар бағыт әлі де жіті назар аударуды қажет етеді.
«Мектептер мен колледждерде профилактикалық жұмысты күшейту, профилактикалық және пробациялық есепте тұрған адамдарға бақылауды қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ тұрғындар қоғамдық тәртіптің бұзылуына шағымданатын орындарда тұрақты патрульдеу ұйымдастыру маңызды», – деді облыс әкімі.
Отырыс қорытындысы бойынша бейінді ведомстволарға өзара іс-қимылды күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірдегі қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмысты жалғастыру тапсырылды.
